Жамбыл облысы халқының 98 пайызы ауыз сумен қамтылды

Өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 21,5 миллиард теңгеге 68 жоба іске асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін еліміздегі қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. 

"Өткен жылы облыста құны 13,6 миллиард теңгені құрайтын бірнеше жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде жыл қорытындысымен облыстағы елді мекендерді сумен жабдықтау халық санына шаққанда қалаларда 97,5 пайызды, ауылдық елді мекендерде 94,9 пайызды құрады. 2024 жылы ауылдық елді мекендерді ауызсумен жабдықтауды 98,1 пайызға жеткізу жоспарланған. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізуде туындаған бірқатар мәселе бар. Біз осыған назар аударып, түйткілді шешуге күш салуымыз керек", – деді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы жыл басында өткен аппарат жиынында.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, жұртшылықты ауызсумен қамтуда Шу қаласы 70 пайызбен, Тараз қаласы 98 пайызбен ең төмен деңгейге орналасқан. Ал ең жоғарғы деңгей Сарысу ауданында – 99,8 пайызға, Шуда – 97,4 және Байзақ ауданында 97,3 пайызға жеткен.      

2023 жылы облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен жабдықтау саласында жалпы 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру жұмыстары басталып, жыл қорытындысымен 34 нысан пайдалануға берілді. Қалған 20 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.Қаржыландыру жоспарына сәйкес негізі 54 нысанның бесеуі ғана келесі жылға өтпелі болған.

Жыл соңына дейін сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткішін халық санымен алғанда қалаларда 98,8 пайызға, ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға жеткізу жоспарланған болатын. Қойылған міндеттерді уақытылы және сапалы іске асыру үшін облыстың әрбір елді мекенін ауызсумен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспары жасалып, салалық министрлікпен пысықталды. 

Әрбір қалалық және ауылдық елді мекендер бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар 2024 жылғы республикалық бюджеттің нақтылануына қосымша 17,8 миллиард теңгеге 26 жоба қаржыландыруға ұсынылды.

"2024 жылы облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 21,5 миллиард теңгеге 68 жоба іске асырылуда. Оған 37 елді мекен мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауызсумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98,8 пайызды (524,4 мың адам), ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызды (651,8 мың адам) құрады", – деді Ғалым Исабайұлы.

Ғалым Исабайұлы өңірдегі елді мекендерді толық ауызсумен қамтудың жол картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамту көзделгенін жеткізді.

Серіктестер жаңалықтары