Аймақта жыл басынан бері 92,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, бұл қаражаттың 3,4 миллиард теңгесі егін, 89,4 миллиард теңгесі мал шаруашылығының үлесіне тиесілі. Ал, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,9 миллиард теңгені құрады. Бұдан бөлек, өңірде мал басы санының артуы байқалады. Мәселен, бір ғана Сарысу ауданында 329 492 төрт түлік бар.
Бүгінгі таңда аталған аудандағы бір мыңнан аса шаруа қожалықтың 576-ы мал шаруашылығымен айналысады. Олардың ішінде 9 шаруа қожалық асыл тұқымды мал өсіру ісін мықтап қолға алған. Солардың бірі – Есенғали Рашев жетекшілік ететін "Раш" шаруа қожалығы. Айта кетерлігі, қожалық өз жұмысын 1997 жылдан бастаса, кәсіпкердің мал шаруашылығына бет бұрғанына 26 жылдың жүзі болыпты.
"Мал бағу оңай шаруа емес. "Мал – баққанға бітеді" деген рас. Оның жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында тұрған мал қоң жинамайды.Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір шаруашылықта 1386 бас асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты қой бірнеше отарға бөлініп бағылуда. Сонымен қатар, мұнда 71 бас "Ангус" тұқымды мүйізді ірі қара бар", – дейді шаруа.
Ал, асыл тұқымды қой өсіретін "Жарасбек ата" шаруа қожалығының басшысы Пернебек Ерубаев бүгінде 720 бас уақ мал, 50 бас жылқы бағып отыр. Оның иелігінде 1100 гектар егістік алқап бар. Онда арпа, бидай, мақсары мен жоңышқалығы орналасқан. Осы алқаптардан қожалық мал азығын дайындауда.
"Мемлекеттің қолдауының арқасында кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" аясында мол көптеген мүмкіндікке ие болдық. Бірнеше жыл бұрын мемлекет тарапынан қабылданған "Алтын асық", "Құлан" мен "Сыбаға" бағдарламаларына қатысып, мал басын асылдандыру ісіне бет бұрдым. Бүгінде мал басын көбейтіп, ет бағытында жұмыс істеудемін. Алда шаруашылықты кеңейтіп, мал бордақылау алаңын ашу жоспарда бар" – дейді Пернебек Ерубаев.