"Ысырап пен арсыздық көп". Шенеуніктер қазақтың тойына реформа жасамақ

Аймақтың ақсақалдар алқасы үндеу жасап, облыс әкімдігі оған қолдау білдірген.

Жамбыл облысының шенеуніктері тойға реформа жасауды жоспарлап отыр. Демек, той өткізудің жаңа ережесі бекітілмек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мұндай бастамаға сауықшыл халықтың шектен тыс шашылуы, асабалардың ас-жиында аузына келгенін айтуы себеп болыпты.

Аймақтың ақсақалдар алқасы үндеу жасап, облыс әкімдігі оған қолдау білдірген. Арнайы есеп жүргізген әкімдік жамбылдықтардың тойсыз күні өтпейтінін айғақтапты. Тек жексенбінің өзінде өңірде 30 мың адам тойханада төбе көрсетеді екен. Жаңа ереже көптің қуанышын көп көру емес, тойды тәрбие мектебіне айналдыру дейді жауаптылар.

"Кейбір асабалар тым шектен шығып шоу жасаймын деп, күлдіремін деп бүлдіріп жатыр. Қарияларды жерге аунатып. Ырым, болмайтын тиымдар тауып алып жатыр. Жүгіртеді, шпагатка отырғызады. Соның бәрі әлеуметтік желіде қазақ өзін өзі мазаққа айналдырып жатырмыз. Тойдан тағлым деген қанатты сөз бұл күнде дәмсіз даңғаза думанға айналғаны жасырын емес. Бейәдеп би, орынсыз әзіл, ойсыз ойын бұл күнде тойдың жазылмаған заңдылығына айналғандай. Әлеуметтік желіде әжуә болған жағдайлар жетіп артылады", – деді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық.  

Дәл осындай оспадар қылық, мәнсіз мерекелер әр жерде аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ айтылғаннан өзгерген дәнеңе жоқ. Сондықтан ендігі жерде жауаптылар той өткізудің сценарийін жазуды бастап кеткен.

"Жамбыл облысының ардагер зиялылары әкімге ұсыныс берген. Осы той мәселесі, той мәдениетін қалыптастырайық, бір жүйеге түсірейік, ережесін бекітейік деп. Соны әкімдік қолдап руханият орталығына тапсырма жүктеді. Біз келер жылы той мәдениетін қалай қалыптастырамыз деген методикалық нұсқаулық шығарамыз", – дейді Жасұлан Әбдіхалық.  

Тойханаға төрт түлік кіргізу, той иесіне тұлпар мінгізу бос дарақылық дейді реформашы топ. Сондықтан сыналап болса да салт-дәстүрге сай өткізейік деп үндеу жариялаған. Бұл бастаманы 25 жылдық асабалық өтілі бар азамат қуана құптаймын дейді.

Серіктестер жаңалықтары