
"XXI ғасыр көшбасшысы" интеллектуалдық ойыны биылғы көктемнен бастап "Хабар" арнасының эфирінде көрсетіледі. Оны жаңғыртуды агенттік пен Республикалық ғылыми-тәжірибелік "Дарын" орталығы қолға алды.
"Әр облыстағы іріктеу кезеңдері 2024 жылдың қазан айында басталып 2025 жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Өңірлерден іріктелген ең үздік бес оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алады, ол осы жылдың наурызынан бастап маусым айына дейін өтеді. Жас дарындардың білімдері мен қабілеттерін жалпы бұқараға көрсетуге мүмкіндік беретін телевизиялық жоба "Хабар" Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Ең үздік үш жеңімпазға еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға гранттар табысталады", – деп хабарлады "Хабар" агенттігінің баспасөз қызметі.
Қазірдің өзінде Павлодар, Қарағанды, Абай, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларынан республикалық турға қатысатын үздік бестіктер анықталды. Алматы, Ақтөбе, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында іріктеу кезеңдері қаңтар-ақпан айларында өтеді.
Еске салайық, Интеллектуалдық тележоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Парламентінің Мәжілісі тарапынан қолдау тапқан болатын.
"XXI ғасыр көшбасшысы" — жас дарындарға жаңа мүмкіндіктер беретін бірегей алаң. Интеллектуалдық ойын білімді әрі талантты жастарды қоғамға таныстырып қана қоймай, шалғай елді мекендерден шыққан дарынды жасөспірімдер үшін үлкен әлеуметтік лифт болатынына сенім бар.