Алатау ауданында 2023 жылы 45 жаңа спорт алаңы салынып, көпірге жөндеу жүргізілді және 1135 жарық нүктесі жаңғыртылды. Былтыр мұнда "Халық қатысатын бюджет" жобасы бойынша 54 жоба іске асырылды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігі хабарлады.
"Атап айтқанда, аудан тұрғындарының өтінішімен Зерделі шағын ауданында "Сирень бағы", Аханов көшесіндегі сквер, Сайын көшесіндегі бақылау алаңы абаттандырылып, Қарасу шағын ауданындағы сквердің құрылысы басталды. Аллеялар, алаңдар мен жаяу жүргіншілер көшелерін абаттандырумен бірге, кейбір аумақтағы шамдар ауыстырылып, Үлкен Алматы арнасындағы көпір жөнделді", – деп жазылған хабарламада.
"Халық қатысатын бюджет" - бұл тұрғындар әкімдіктермен бірлесіп жергілікті бюджет қаражатын бөлісетін жоба. Тұрғындар өздері абаттандыру идеясын ұсынады, оларды жоба деңгейіне дейін пысықтайды, содан кейін онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаздарды таңдайды.
Оқи отырыңыз: "Халық қатысатын бюджет": Алматыда үздік жобаларға онлайн дауыс беру басталды