13 шілдеде Қазақстанда жыл сайынғы білім грантының байқауы басталады. Соған орай, Ұлттық тестілеу орталығы "көпбалалы отбасы" квотасымен оқуға түсу тәртібін түсіндірді.
Бұл квотаға ие болу үшін талапкердің жасы 18-ден аспауы тиіс және отбасында өзінен басқа кемі үш 18 жасқа толмаған бала болуы керек. Егер балалардың бірі 18 жастан асып кетсе, бірақ ЖОО не колледжде күндізгі бөлімде оқитын болса (бірақ 23 жастан аспауы керек), бұл талапкердің квота иеленуіне кедергі емес.
"Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балалар квотасы 5%-ды құрайды. Яғни, жалпы мамандыққа бөлінген гранттың 5%-ы осы квотамен беріледі. Мысалы, 2024 жылы "Педагогикалық ғылымдар" бағыты бойынша 13 735 грант бөлінген. Оның ішінде 687 грант немесе 5%-ы көпбалалы отбасынан шыққан балаларға арналған", – делінген Ұлттық тестілеу орталығының түсіндірмесінде.
Еске салайық, Информбюро грант байқауына қатысу бойынша сарапшы мамандардың кеңестерін топтастырған болатын. Оны төмендегі сілтеме арқылы өтіп оқуға болады.
Оқи отырыңыз: Грант байқауы – 2024: ЖОО мен мамандық таңдауға арналған мамандар кеңесі