Алматыдағы Алтын орда базарының бір топ саудагері жаңа басшыларының орын үшін қыруар қаражат сұрап жатқанына наразы. Айтуларынша сегіз айдан бері 60 мың теңгеден төлеп жалға алып келген жерді 7 миллион теңгеге сатуға шығарған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"5-6 орын 7 млн теңгеге сатылып кеткен. Алам десеңдер, қолма-қол ақша бересіңдер" деді. Мен ақшаны бөліп төлейтін кесте жасап беруді өтіндім. Бірақ "алсаң ал, алмасаң алатын адам көп" деп айтты. Үш метр жер жеті млн теңге тұрады. Ал оның қаңқасын құрап, ішін толтыру үшін тағы 10-15 млн теңге қажет. Мұндай ақшаны базарда тұрған ешбір адам таба алмайды", – деді саудагер Гүлнәр Тұрлыбаева.
25-тен астам саудагер ұсақ-түйектен бастап киім-кешектің барлығын жайып қойған. Күн сайынғы саудадан бала-шағамызды асырап, несиемізді төлеп жүрміз дегендер енді не істерін білмей отыр.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Әлемдегі азық-түлік ісіне саясатты араластырмауымыз керек
"Келген кезде "халыққа тиіспейміз, әркім тұрған жерінде қалады" деп уәде еткен. Мына орыннан айырылатын жағдайымыз жоқ. Өз басымда несием бар", – деді саудагер Жанар Қалымбетова.
Базардың жаңа қожайындары тек сауда орнын бірнеше метрге жылжытуды сұрадық деп отыр. Ал көпшілік айтып жатқан 7 млн теңгеге толыққанды дүңгіршек салынатынын айтты.
"Бұл кісілер қазір заңсыз сауда жасап тұр. Заңсыз сауда жасаса да, оларды ешқайда қумай, орын беріп жатырмыз. Үш метрге жылжисыздар, сол орында тұрасыздар. Фирмаларға өтінім берген болатынбыз. Бұл бағаны сол кісілер шығарып берді", – деді Altyn Orda new company атқарушы директоры Қанат Кенжебайұлы.
Оқи отырыңыз: Вьетнамның ең ірі конгломераты Қазақстанда сауда-логистикалық орталық салады
Қазіргі уақытта Алтын орда базарында тағы бір павильонның құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Егер ол толыққанды бітсе, сыртта тұрған саудагерлерге сол жерден орын қарастырылған. Ал үйренген жерінен өзге жаққа көшкісі келмеген саудагерлер дәл осы жерді өзімізге қалдырса, дейді.