
2024 жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су жіберілді. Бұл жоспарланған көлемнен 100 миллион текшее метрге артық, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Қазіргі көрсеткіштер қандай?
- Орталық Азия елдерімен қол жеткізген келісімдерінің нәтижесінде 2025 жылғы наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға жіберілген судың жалпы көлемі 1,6 млрд текше метрге жетеді.
- Бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізіндегі судың жалпы көлемі – 22,1 млрд текше метр. 2022 жылдың басында 18,9 млрд текше метр болды. 2025 жылдың соңына қарай теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текшее метрге дейін жетеді деп күтілуде.
- Солтүстік Арал теңізінің ауданы да ұлғаюда. Бүгінгі таңда ол 3065 шаршы шақырымға жетті. Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көп.
- Солтүстік Арал теңізінің ауданы мен көлемінің ұлғаюы судың минералдануың азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті.
Министрліктің мәліметінше, "Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру" жобасы аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда "Тәуір" қорғаныс бөгетін салу, Қарашаланкөлі мен Сырдария өзені арасындағы екі учаскедегі бөгеттер мен "Қарашалан-1" каналын және оның бас құрылысын реконструкциялау жұмысы аяқталды. Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін Үлкен Аралдан бөлетін Көкарал бөгетін қайта жаңарту жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру Солтүстік Аралдың сақталуына және судың тұздылығын төмендетуге ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Арал теңізінің табанына 5 мың сексеуіл көшеті отырғызылды
Қызылорда облысының күріш алқаптарын лазерлік жоспарлаушымен тегістеу және су үнемдеу технологияларын пайдалану шамамен 200 млн текше метр су үнемдеп, оны Солтүстік Аралға жіберуге мүмкіндік берді. 55 мың гектар күріш алқабы лазерлік жоспарлаушының көмегімен тегістелді, бұл орташа өнімділікті гектарынан 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін арттыруға септігін тигізді.
Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін шаруалардың инфрақұрылым жүргізу, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Су үнемдеу жүйелерін пайдаланатын дихандар үшін су армалысуға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды.
Арал теңізі бассейніндегі аймақты оңалту мақсатында көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағында 4,4 млн көшет отырғызылды.
2021-2024 жылдар аралығында 475 мың гектар жерге тұқым мен көшет отырғызылды. Биыл 428 мың гектарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осының нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуі тиіс.