Тікелей эфир

ҰОС-да мерт болған ардагердің сүйегі табылып, туған жеріне қайта жерленді

Арада 77 жыл өтсе де, ардагердің сүйегі табылып, өз еліне әкелінуі – тарихи оқиға.

Ұлы Отан соғысында елін қорғау жолында қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының тумасы Қали Дүзбаевтың сүйегі Ленинград облысы, Тосно ауданының Макарьев шөлінің маңынан табылып, туған жеріне жеткізілді. Елі үшін аянбай күрескен майдангер соғыс жылдары кезінде жат жерде мерт болған. Арада 77 жыл өтсе де, ардагердің сүйегі табылып, өз еліне әкелінуі – тарихи оқиға. 

Осыған орай, Орал қаласындағы "Жеңіс алаңында" барлық әскери құрмет пен діни дәстүрлерді сақтай отырып, ҰОС-да қаза тапқан, Қали Дүзбаевті қайта жерлеу рәсімі өтті. БҚО әкімдігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі "Atamnyn Аmanaty" Қоғамдық бірлестігінің бастамасын ұйымдастырылған шараға Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов та қатысты.

"Бүгін – тарихи күн деп айтсақ артық айтқандық емес. Себебі, осыдан 77 жыл бұрын бізге, ұрпағына ұлы жеңісті сыйлап кеткен бабамыз Жайық өңірінің азаматы Қали Дүзбаевтың мүрдесі туған топырағына жетті. Ерте ме, кеш пе, бірақ ұрпақтары үшін батыр бабаларының сүйегі туған еліне әкелініп жерленгені үлкен бір тарихи оқиға. Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінде "Atamnyn Аmanaty" қоғамдық бірлестігіне салтанатты түрде тапсырылып, Қорғаныс министрлігінің күшімен Орал қаласына жеткізіліп отырған жауынгер сүйегін іздеу жұмыстарына көмек көрсеткен жандарға алғысымызды білдіреміз. Біз әрқашан ата-бабамыздың ерлігінің алдында тәу етіп, Ұлы Жеңіс қадірін жадымызда ұстауымыз тиіс", – деді қала басшысы Миржан Сатқанов.

77 жылдан кейін туған топырағына әкелінген Қали Дүзбаевтің сүйегі іс-шарадан кейін жер қойнына табысталды.

Қали Дүзбаев 1902 жылы дүниеге келген. Мәліметтерге сүйенсек, ардагердің жұбайы соғыстан кейін Қазақстанға оралып, Теректі ауданы, Социализм ауылында тұрған. Олардың 1939 жылғы Михаил есімді ұлы қалған деген деректер де кездеседі.

Айта кетейік, биыл сұрапыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 77 жыл толды. Жалпы, майданға Батыс Қазақстан облысынан 76 мың жауынгер аттанып, олардың 36 мыңы ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапқан. Ал соғыста мерт болып, жат жерде қалған қазақ сарбаздарының сүйектері әлі де табылып жатыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары