Ұлытау облысының жастарына арналған "Ұлытау жастары" тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер 27-31 наурыз аралығында қабылданады, деп хабарлады Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бағдарлама аясында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге 750 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалады.
Бағдарлама шарттары:
- жылдық несие мөлшерлемесі – 6%;
- қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн теңге;
- бастапқы жарна – кем дегенде 10%.
Жеңілдетілген тұрғын үй несиесін алуға бағдарлама талаптарына сай келетін және келесі көрсеткіштер бойынша көп балл жинаған үміткерлер мүмкіндік алады: некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі және тағы басқалар.
Оқи отырыңыз: 2-10-20 және 5-10-20. Қазақстандағы ең төмен пайызды ипотекаларға шолу
Ең көп балл жинаған қатысушылардың төлем қабілетін "Отбасы банк" АҚ айқындайды.
"Ұлытау жастары" бағдарламасына келесі сала мамандары қатыса алады:
- Денсаулық сақтау саласы: Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері;
- Білім беру саласы: Білім беру саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері;
- Мәдениет саласы: Мемлекеттік мәдени ұйымдардың қызметкерлері;
- Спорт саласы: Мемлекеттік ұйымдарда еңбек қызметін жүзеге асыратын спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар;
- Бұқаралық ақпарат саласы – мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;
- ЖОО – Жоғары оқу орындарының штаттық қызметкерлері;
- Әлеуметтік сала – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері.
Оқи отырыңыз: "30/70" тұрғын үй несиесі: Қалай 90 млн теңгеге дейінгі сомада ипотека алуға болады?
"Ұлытау жастары" бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Қатысушының жасы өтініш берген кезде 35 жастан (қоса алғанда) аспауға тиіс;
- Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы;
- Таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі – зейнетақы жарналарын міндетті түрде төлей отырып, кемінде соңғы 1 жыл;
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Өтінім беру үшін қажет құжаттар:
- жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы және мекенжай анықтамалары (бағдарламаға қатысушыға және отбасы мүшелеріне);
- соңғы бір жылдағы зейнетақы төлемдері туралы үзінді көшірме;
- некеге тұру немесе бұзу туралы куәлік;
- балалардың туу туралы куәлігі;
- жұмыс орнынан анықтама;
- еңбек өтілін, мүгедектігін растайтын құжаттар.
Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?
Өтінімдер Жезқазғандағы Бейбітшілік даңғылы 26/1 мекенжайында орналасқан Жастар сарайында қабылданады.