Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында 2024 жылғы 3-7 қыркүйек аралығында алғаш рет "Ұлы дала жорығы" халықаралық марафон-бәйгесі өтеді.
Ауқымды спорттық шараға 10-нан астам елден командалар қатысады деп күтілуде. Иран, Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы Ресей Федерациясының және т.б. елдердің шнабандоздары дүбірлі додада бақ сынайтын болады.
Атап айтсақ, Қырғызстан құрамасы "Ұлы дала жорығына" қатысатын ең үздік аттарды іріктеу мақсатында көпкүндік ат спорты марафонын өткізді.
Қырғызстан Ат спорты федерациясының вице-президенті Манас Сұлтанов "Ұлы дала жорығы" марафон-бәйгесіне шақыруды қабылдау үлкен мәртебе екенін айтты.
"Қазақстанда өтетін көпкүндік ат жарысына дайындық аясында 300 шақырымдық қашықтыққа "Кочмондор журушу" іріктеу марафоны өтті. Барлық командаларға сәттілік тілеймін және жеңімпаздардың көп болуын қалаймын. Ең төзімді және жылдам сәйгүліктер жеңіске жетіп, тұғырдан көрінетініне сенімдімін", – деді М.Сұлтанов.
Марафон-бәйге 5 мың жылдан астам бұрын адам баласы жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінде 3 қыркүйекте бастау алады.
Оқи отырыңыз: Асықшылар Бурабайда оқу-жаттығу жиынын өткізуде
"Ұлы дала жорығына" Кабардин-Балқар Республикасының құрамасы да қатысуға дайындалуда. "АМД Кавказ" ат спорты клубының негізін қалаушы Ахъед Махов қазақстандық ат жарысына қатысуға шақырту алғанын айтты.
"Марафон-бәйгенің бүкіл адамзат үшін киелі мекен саналатын Ботай қонысынан басталуы ерекше маңызды. Біздің команда аңыздар мен тарихи жәдігерлерге толы Ботай жеріне баруға ерекше ынталы. Олай болса, күт бізді, Қазақстан!" – деп атап өтті Ахъед Махов.
Ат жарысы елорда – Астанада 7 қыркүйекте аяқталады. Оның жеңімпаздары 8 қыркүйекте өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.
"Ұлы дала жорығы" – жылқы баласының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабороториясы.
Оқи отырыңыз: Жамбы атудан үздік спортшылар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
Естеріңізге сала кетейік, "JORYQ" республикалық федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, Қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және т.б. федерациялар кіреді. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығына белгілі кәсіпкер, меценат, "Алтын Қыран" қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы" Исламбек Салжанов басшылық етеді.