Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылғы 8 қарашада «Көшпенділердің тотемдері» сериясынан KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын айналымға шығарады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланды.
Жаңа KÓKBÓRI инвестициялық монеталары – ALTYN BARYS және KÚMIS BARYS инвестициялық монеталарына ҚР Ұлттық банк жүргізген ребрендингтің нәтижесі.
"KÓKBÓRI дизайнында «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы монеталардың стилистикасы қолданылған. Эксклюзивті дизайн KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын тек инвестициялық тұрғыдан ғана емес, жинау және сыйға тарту үшін де тартымды ете алады", – деп жазылған хабарламада.
Инвестициялық монеталар алғаш рет бірнеше нұсқада шығарылатын болды:
- proof сапада алтыннан дайындалған номиналдар – 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік (қорғаныш элементтері, лимитті таралым, кәдесый орамасы).
- uncirculated сапада алтыннан дайындалған номиналдар – 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік.
- uncirculated сапада күмістен дайындалған номиналдар – 1, 2, 5 және 10 теңгелік.
- proof сапада күмістен дайындалған номиналдар – 1, 2, 5 және 10 теңгелік (қорғаныш элементтері, лимитті таралым, кәдесый орамасы).
Инвестициялық монеталарды шығарудағы негізгі мақсат – халыққа бағалы металдарға жинақ және/немесе инвестициялаудың балама құралын ұсыну.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк 200 теңгелік қағаз ақша шығаруды тоқтатады
Инвестициялық монеталардың ерекшеліктері:
- ұзақмерзімді перспективада инвестициялық табыс табуға болады;
- монеталарды сатып алу кезінде қосымша құн салығы болмайды;
- бағалы металдың құрамы 99,99% құрайды (сынамасы 999,9).
Еске сала кетейік, барлық номиналдағы инвестициялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға, шектеусіз ұсақталуға және айырбасталуға тиіс.
Оқи отырыңыз: 200 және 1000 теңгелік монетада Балқаш алабұғасы бейнеленді
Инвестициялық монеталар Қазақстан Теңге сарайында дайындалды.