Қазақстанда 2025 жылы ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге байланысты Үкімет резервінен 348 700 000 теңге бөлу жоспарланып отыр: қаражат тек санақты өткізу емес, сонымен қатар шұғыл шығындарға және "е-Статистика" интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытуға жұмсалмақ. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды.
"ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне 2024 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен шұғыл шығындарға, 2025 жылы ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізуді және ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру кезінде әкімшілік деректерге көшуді ескере отырып, "е-Статистика" интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытуға 348 700 000 теңге сомасында қаражат бөлінсін" делінген қаулының жобасында.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді
Еске салайық, тәуелсіз Қазақстан тарихында ауыл шаруашылығы санағы тек бір рет, 2006-2007 жылдары өткізілген болатын. Келер жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде өтеді:
- 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде;
- 2025 жылғы 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында планшет пайдаланып елді мекендерді аралау арқылы.
Санақ өткізудің мақсаты – аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу.
Оқи отырыңыз: Тамыз бен қыркүйекте 54 елдімекенде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді
Биылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Қазақстанның 54 елді мекенінде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өтіп жатыр. Бұл – 2025 жылы өтетін ауыл шаруашылығы санағына дайындық шарасы.