Қазақстан Үкіметі Байқоңыр қаласының Ресейден зейнетақы алатын тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету мәселесін қарап жатыр. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Үкімет басшысының жазуынша, қазір Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын, оның ішінде Ресейден зейнетақы алатын Қазақстан азаматтарына жеңілдікті медициналық көмек көрсету үшін "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңға түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр.
"Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін жетілдіру заңға тәуелді құқықтық актілер шеңберінде қарастырылатын болады. Жалпы, аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда және уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында болады", – деді Әлихан Смайылов.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағы неге азайып кетеді? БЖЗҚ басшысы түсіндірді
Айта кетейік, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңның 26-бабының 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді.