ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшылары 10 қаңтарда онлайн режимде кездесу өткізеді. Бұл туралы "Sputnik Қазақстан" хабарлады.
Мемлекет басшыларының жоспарланған кездесуі жайында Армения үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенде ҰҚШҰ елдерінің көшбасшыларымен видеоконференция өткізуді ұсынған болатын. Кремль баспасөз қызметі қазіргі кезеңде ҰҚШҰ мүшелерімен бірлескен әңгіме қажет екенін хабарлады. Ресей ҰҚШҰ елдері басшыларының видеоконференциясы 10 қаңтарға жоспарланғанын растады. РИА Новости мәліметінше, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Қазақстандағы жағдай мен оны тұрақтандыру іс-шаралары талқыланады.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдерінің бітімгерлері жауынгерлік іс-қимылдарға қатыспайды, содырлардың көзін жоюмен айналыспайды. Олар қорғау және күзет қызметін орындайды.