Тікелей эфир

Үкімет басшысы жылумен қамту жайлы: Өңірлерден мыңдаған шағым бар

Үкімет басшысы жылу желілерінің тозуы бір күннің ғана емес, жылдар бойы қордаланып келген мәселе екенін айтты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында жылу маусымына дайындық туралы жалған есеп берген әкімдерді сынға алды. 

"Біз қыркүйек айында осы мәселеге қатысты арнайы Үкімет отырысын өткізгенбіз. Сол кезде әкімдіктер жылу беру маусымына сақадай саймыз, дайынбыз деді. Әкімдер ешқандай проблема жоқ деп баяндады. Алайда жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді", – деген үкімет басшысы екі айдың ішінде Риддер мен Екібастұзда ірі апат болғанын еске салды.


Оқи отырыңыз: Қазақстанның қай өңірлерінде электр және жылу жабдықтары әбден тозған?


Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алғанын атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, тексерулер басталған.

"Өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмеген. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді", – деді үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов үкімет отырысында жылумен қамту жұмыстарына қатысты "тұрғындардан мыңдаған шағым түсетінін" айтып, бір бума қағаз көрсетті.

Әлихан Смайылов Энергетика министрлігіне электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың І тоқсанында аяқтауды тапсырды.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 1500 шақырымнан астам жылу желілері ауыстыруды және жөндеуді қажет етеді


Айта кетейік, 2023 жылы жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70 пайыздан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 шақырымнан асады. Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады.

Серіктестер жаңалықтары