Оқу-ағарту министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына бірқатар өзгертулер енгізуді жоспарлап отыр. Олардың жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Жобаға сәйкес, ҰБТ өтетін ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі кеңейеді. Атап айтқанда, бұл қатарды смарт көзілдірік, фитнес білезік (трекер), диктофон және А4 форматындағы қағаздар толықтырады.
Еске салайық, бұған дейінгі тізімде пейджер, ұялы телефон, планшет, iPad, iPod, смартфон, ноутбук, плейер, модем (мобильді роутер), радио-электрондық байланыстың барлық түрі (Wi-Fi, Bluetooth, Dect, 3G, 4G, 5G), смарт сағат, калькулятор, құлаққап, шпаргалка, оқу-әдістемелік әдебиеттер болған.
Тестілеуге кіргізу барысында жоғарыда аталған заттар табылса, үміткер тестілеуге жіберілмейді.
Оқи отырыңыз:
- ҰТО осы аптадағы ҰБТ-ға тегін дайындық сабақтар кестесін жариялады
- 20 желтоқсанда 2023 жылғы алғашқы ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдана бастайды
Құжат жобасында ҰБТ тест тапсырмаларының саны да нақтыланған. Орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны:
- Қазақстан тарихы бойынша – 20 (бұрын – 15);
- математикалық сауаттылық бойынша – 15;
- оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша – 15 (бұрын – 20);
- бірінші бейіндік пән бойынша – 35;
- екінші бейіндік пән бойынша – 35.
Құжат жобасы 18 қаңтарға дейін қоғам талқысына ұсынылған.