"Уақыт белдеуін заңсыз өзгертті" деп Үкіметті сотқа берген Шығыс Қазақстан тұрғынының талап-арызы қанағаттандырылмады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Себебі, істі қараған судья Үкіметтің мұндай шешім қабылдауға құқылы екеніне көз жеткізген. Демек, заңда өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу алқалы органның құзыретіне жатады деп көрсетілген.
Қалалық сот жариялаған ақпарат бойынша уақыт және эталондық жиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссия атынан Үкімет жанынан консультативтік-кеңесші орган құрылған.
Ал комиссия Үкіметке республика аумағында уақытты есептеу тәртібін белгілеп, өзгерту хақында ұсыныс енгізе алады. Дегенмен, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кеткейік, шамамен бір ай бұрын шығыс қазақстандық заңгер Серікжан Ахметжанов бірыңғай уақыт белдеуіне өту туралы шешімді заңсыз деп тануды талап еткен. Сол үшін үкіметтің үстінен сотқа шағым түсіріп, құжаттың күшін жоюды сұраған еді. Оған балаларының мектептен кеш қайтуы себеп болған.
Пікірінше, қолданыстағы уақыт белдеуі астрономиялық уақытқа сәйкес келмейді. Демек, нақты уақыттан екі сағатқа артық. Салдарынан, оқудан кеш келген бала асын ішіп, үй тапсырмасын орындап үлгермейді.