Атырау облысында Индер және Махамбет аудандарында, сонымен қатар Атырау қаласында Жайық (Орал) өзенінде су деңгейі төмендеп жатыр, деп хабарлады ТЖ жөніндегі өңірлік жедел штаб.
Атырау облысы ТЖД басшысының орынбасары Руслан Шариевтің айтуынша, өңірде су тасқыны шарықтау шегінен төмендеді.
"Су тасқынының максималды деңгейі болды, қазіргі күні өзендегі су деңгейі төмендеді. Біз мұны Индер және Махамбет аудандарында, сонымен қатар Атырау қаласында байқап отырмыз. Сонымен бірге Жайық өзені шаруа қожалықтарына қауіп төндіріп тұр. Қожалық иелерінен "жедел желі" нөмірлеріне авариялық-құтқару жұмыстары туралы келіп түскен барлық қоңыраулар жедел өңделеді", – деді Руслан Шариев.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі күні өңірлік және республикалық маңызы бар жолдарда Жайық өзенінен тасыған су басып жатыр.
“Селдің деңгейі төмендегеннен кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіру бойынша барлық жұмыс аяқталғаннан кейін ғана біз селді қауіпсіз деп айта аламыз", – деді Руслан Шариев.
Құтқарушылар Индер ауданында су деңгейі сыни белгіден - 50 сантиметрге, Махамбет ауданында - 1 метрге, Атырау қаласында 27 сантиметрге асқанын айтты.