Түркістан облысының Қоссейіт ауылындағы тұрғындар күні-түні кезекке тұрып, жайылым жерді күзетеді. Өйткені, мал жайылымының ортасынан "Шардара құм" компаниясы карьер қазып бастаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қоссейітте 800-ден астам үй бар. Ауылдағы жайылымдық жерге тұрғындар 500-дей сауын сиыры мен 3-4 мыңдай қойын жаяды. Таяуда осы жерге құм қазушылар келіп, 20-ға жуық КамАЗ құм қазып, тиеп алған. Тұрғындар дереу полиция шақырып, тәртіп сақшылары табиғатқа 3,5 миллион теңге залал келді деп қылмыстық іс те қозғаған. Алайда құм қазушы "Шардара құм" компаниясы жұмысына қайта кіріскен.
"Біздің жайылымдағы мал жаятын жерімізді ойып алып, карьерге жұмсамақ. Одан кейін бұл жер ойпат шұңқыр болады. Ыза су шығады. Ыза су шыққан соң деформация болып, экология бұзылады. Жайылымнан айырыламыз", – дейді Шардара ауданы Қоссейіт ауылының тұрғыны Қабыланбек Жұмабек.
Оқи отырыңыз: Павлодарлық Ақтоғай ауданының тұрғындары жайылымдық жердің жекеге өтуіне қарсы
Ал компания өкілдері болса, қызметінің заңды екенін айтып отыр.
"Өндіріске қандай лицензия алу керек болса, сол процедуралардың бәрінен өттік. Сол үшін де қолымызға лицензия ұстатты", – деді "Шардара құм" ЖШС заңгері Нысанбай Кенжебаев.
Шардара аудандық әкімдігінің жауапты мамандарының айтуынша, "Шардара құм" мекемесі Қоссейіт ауылынан 24,2 га жерге құм өндіруге өтінім берген. Жер кодексінің 26-бабы мен "Жайылымдар туралы" заңына сәйкес аталған жер жеке және заңды тұлғаға берілуге жатпайтындықтан, комиссия өтінішін қанағаттандырмаған.