
Түркістан облысындағы XII ғасырға тиесілі Ақбикеш кесенесін қалпына келтіру жұмыстары көктемде басталады. Бұл туралы журналист Нұрболат Адырбек Түркістан облысы, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековке сілтеме жасап хабарлады.
Әкімнің айтуынша, Мәдениет министрлігінің нұсқауымен "Қазқайтажаңарту" мекемесінің өкілдері кесенеге келіп, жан-жағын қоршап, күн жылығанда қалпына келтіру жұмыстарын бастайтынын хабарлаған.
"Егемен Қазақстан" басылымының жазуынша, Жұмыс тобының құрамына Құрамына Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, облыс әкімдігі, реставраторлар, авторлық қадағалау мамандары енген.
"Қазқайтажаңарту" РМК директоры Алмас Абдиев қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша шешім мамандардың пікірін ескере отырып қабылданатынын айтты. "2020 жылға дейін мұнараның сақталу деңгейі 5-6 метр биіктікте болған. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар күннің суығында жүргізілгендіктен, ауа райының қолайсыздығы жаңа және бұрынғы материалдардың бірігу процесіне кері әсерін тигізді", – деді Алмас Абдиев.
Ақсүмбе ауылынан батысқа қарай 1 шақырым жерде биік жота басында орналасқан тарихи нысан 2019 жылы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Мұнараға 2020 жылы алғаш рет республикалық бюджет есебінен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен "Қазқайтажаңарту" РМК тарапынан ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілген болатын.
Оқи отырыңыз: Средневековая башня частично обрушилась на юге Казахстана