Түркістан облысында оқушылар мектепке сыймай дәлізде білім алуға мәжбүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Үш ауысымда оқитын Шарбұлақ ауылындағы орта мектепте тіпті кей кабинеттерді мұғалімдер өз қолымен соққан. Өйткені жергілікті биліктен алты жылдан бері қайыр жоқ дейді тұрғындар.
Ал білім бөлімі болса бұған дейін бюджеттен ақша күткендерін алға тартады. Бұл Шарбұлақ ауылындағы жалғыз мектеп.
70 жыл бұрын салынған білім ошағының жартысы жарамсыз деп танылып, жабылған. Ғимараттың қалған бөлігінде мыңнан астам оқушы қыстырылып-қымтырылып үш ауысымда біліп алып жатыр.
Оқи отырыңыз: Шымкентте бұғанасы қатпаған балалар өзінен ауыр жүкті арқаға салып, мектепті көшіріп жүр
"Оқушы санының көптігіне байланысты біз оқушыларды қайда апарымымызды білмедік. Мына дәліздеріміз үлкен болған соң, оқу кабинеттерін ашып едік. Өйткені оқушыларды далаға оқытпаймыз ғой. Қазір алты сынып дәлізде ашылған кабинетте оқиды", – деді Шарбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұхитжан Батырбек.
Бұл мәселеден білім бөлімінің басшылары хабардар. Шенеуніктер жаңа оқу орнының құрылысы жақында басталады деп сендірді.