Түркістан облысында дрон арқылы жол ережесін бұзған 30-дан астам жүргізуші анықталды

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz
Жолдардағы апаттар көбінесе жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы салдарынан болады.

Түркістан облысында полиция дрон арқылы жол ережесін бұзған 30-дан астам жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларына тосқауыл қою мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр.

"Жолдардағы апаттар көбінесе жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы салдарынан болады. Шынында бейнебақылау камералары мен полицейлер тұрған жерде жол қозғалысы ережесін сақтайтын көлік тізгіндеушілер бақылау жоқ жерде жол ережесін өрескел бұзып жатады", – делінген хабарламада.

Түркістан облысының полицейлері жол ережесін бұзатын жүргізушілерді анықтауда дрон ұшпалы құрылғысын пайдаланып жатыр.

"Бұл әуеге ұшырылатын құрылғы басқа көліктерге қауіп келтірген, басып озған және маневр жасаған темір тұлпарларды анықтауға, фиксация жасауға көмектеседі. Сол арқылы жол ережесін бұзушы жүргізушілер анықталады. Мәселен, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері осы бағыттағы рейд нәтижесінде 15 тәулік ішінде 31 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады", – делінген хабарламада.

Оның ішінде басып озу қағидасын бұзу фактісі бойынша 26 жайт болса, қарама қарсы бағытқа шығу бойынша бес дерек бар.

Серіктестер жаңалықтары