Түркістан облысы 15 тамыз күні "жасыл" аймаққа өтіп, Covid-19 жұқтыру көрсеткіші 60% төмендеді. Сондай-ақ, аталған өңір екпе алудан республика бойынша алда келеді. Осы орайда, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына не әсер еткенін бөлісті.
"Түркістан облысында пандемия басталғалы КВИ-дің 13 420 жағдайы тіркелді. Жазылып шыққандар саны – 12 515, ол 94,7% деген сөз. Пандемия басталғалы 70 адам көз жұмды. Облыста пик болған кезде 3 600-ге дейін инфекциялық төсек орын ұйымдастырылса, қазір медициналық төсек орын саны 2 000-ға дейін қысқарды. Осы 2 000 төсек орында 318 адам емделіп жатыр. Ол 27,6%-ды құрайды. Оның ішінде КВИ-ден – 151 адам, пневмониядан 567 адам емделуде. Бұдан өзге жансақтау бөлімінде 60 адам емделуде, дәрігерлер олардың жағдайын "ауыр-тұрақты" деп бағалап отыр. Өкпені жасанды желдету аппаратында 2 адам жатыр", – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол эпидемиологиялық ахуалдың әртүрлі сценарийіне байланысты инфекциялық төсек орындар санын 5 700-ге дейін ұлғайту мүмкіндігі барына тоқталды. Пандемия басталғалы өңірде бір ғана зертхана болса, қазір олардың саны 13-ке жеткен. Осы орайда Марат Пашимов өңірдегі Covid-19 көрсеткіштерінің айтарлықтай жақсарғанын айтып өтті.
"Облыс бойынша әр ауданда бір зертханадан жұмыс жасауда. Күніге 3 000-5 000-ға дейін анализ қабылдауға болады. Осы уақытқа дейін 1 миллионнан астам ПТР-тест алынған. Түркістан облысы 15 тамыздан бастап "жасыл" аймақта. Қазір жағдай тұрақты деп айтуға болады. 15 тамызда пик болған кезде ең көп инфекциялық стационарлардағы науқастар саны 2 138-ге дейін барған. Бүгінгі таңда 738 адам емделуде. Осылайша науқастар саны 60% төмендеді", – деді ол.
Мұнымен қатар, Марат Пашимов өңірдің "жасыл" аймақта болуының негізгі үш себебі барын айтты. Ол мұны негізінен екпе алу жұмыстарының қарқынды жүруімен байланыстырды. Түркістан облысындағы 937 мың адамның 836 мыңы вакцина салдырған.
"Түркістан облысының "жасыл" аймақта болуына қатысты сауалдар көпшілікті қызықтырады. Министрді де қызықтырып отыр. 15 тамыздан бері Түркістан облысы "жасыл" аймақта тұр. Біріншіден, бұл бізде екпе алған адамдар санының көптігімен байланысты. Екіншіден, бізде ешкім статистикалық мәліметтерді жасырып отырған жоқ. Арнайы комиссия келіп тексеру жүргізген кездер де болды. Ешкімнің ешнәрсе жасырып отырған жоқтығын дәлелдедік. Сондай-ақ, бұл халықтың тығыз орналаспауымен байланысты. Қалалық жерлерде азаматтар тығыз орналасқан, ал бізде халықтың көп бөлігі ауылдық жерлерде тұрады", – деп бөлісті Марат Пашимов.
2020 жылдың 13 наурызынан бастап 2021 жылдың 9 қыркүйегіне дейін коронавирустық инфекциядан 10 154 адам көз жұмды, 74 116 емделіп шықты.