Түркістан облысындағы 961 мектептің 905 – мемлекеттік мектептер. Олардың 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Алайда облыстық білім беру басқармасы мен облыс әкімдігі күрделі жөндеуді қажет ететін 121 мектепке облыстық бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтуда, деп мәлімдеді депутат Темір Қырықбаев.
2023 жылғы 1 қаңтарда Түркістан облысы халқының саны 2 млн 119 мыңнан астам адамды құрады. Оның ішінде қалада – 519 мың адам, ауылдық жерлерде – 1 млн 599 мыңнан астам адам. 2022 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда халық саны 30 мың адамға немесе 1,5% өскен. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыс бойынша 58 117 нәресте дүниеге келген.
"Бүгінгі таңда Түркістан облысында 511 мың 158 оқушы білім алып отыр. 2022-2023 жылғы оқу жылында 50 мың бүлдіршін 1 сыныпта мектеп табалдырығын аттаған. Түркістан облысындағы 961 мектептің 905 – мемлекеттік мектептер. Олардың 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде, 51 мектептің жобалық сметалық құжаттары дайын, 70 мектепке жобалық сметалық құжаттар дайындау қажет. Облыстық білім беру басқармасы мен облыс әкімдігі күрделі жөндеуді қажет ететін 121 мектепке облыстық бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып отыр", – деді Темір Қырықбаев.
Оқи отырыңыз: Қызылордада оқушылар бұрынғы түрме ғимаратында оқып жатыр. Жаңа мектеп салынуы тиіс жерлер кәсіпкерлердің меншігінде
Осы орайда ол бірнеше ұсыныс айтты:
- Түркістан облысындағы Жобалық сметалық құжаттары дайын 51 мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен қаржы қарастырып, жергілікті атқарушы билік органы жыл соңына дейін күрделі жөндеуді өткізуді қолға алғаны абзал.
- Ағымдағы жылы қысқа мерзім ішінде Түркістан облысындағы 51 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттар дайындау үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастыру өзекті.