Түркі халықтарының жалпы жазуын зерделеу, насихаттау және түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру бойынша Жол картасының жобасы әзірленді, деп хабарлады премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында.
Жоба аясында , қолжазба мұраларының тізімін жасау, құнды даналарды қолжазбалар мен сирек кітаптарды көне түркі, шағатай, араб (қадым, жәдит, төте) тілдерінен мемлекеттік тілге цифрландыру және аудару жұмыстарын атқару көзделген. Жол картасы мемлекеттік органдардың қаржыландыру мәселелерін пысықтаумен келісу сатысында.
Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова "Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві" ақпараттық жүйесі іске қосылғанын хабарлады. "Е-Архив" АЖ-де есепке алу жөніндегі дерекқорлардың болуын, сондай-ақ зерттеушілердің құжаттармен жұмыс істеуге қолжетімділігін қамтамасыз ететін қойындылары бар "Қолжазбалар", "Сирек кітаптар" бөлімдері болады.
Оқи отырыңыз:
- 10 онлайн кітапхана. Қалаған кітапты үйден шықпай-ақ қалай оқуға болады?
- Ұлттық академиялық кітапхана басшысы: Бізде кітапхана туралы заң жоқ
"Қолжазбалар мен сирек кітаптардың түпнұсқаларын сақтау мақсатында барлық цифрланған қолжазбалар мен сирек кітаптар "Е-Архив" ақпараттық жүйесіне енгізіледі және пайдаланушыларға қолжетімді болады. Аталған Жол картасы шеңберінде Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхананың қолда бар платформасы негізінде түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру, сондай-ақ араб жазуын мен графикасын меңгерген қандас ғалымдарды тарту жөніндегі шаралар пысықталуда", – делінген үкімет басшысы орынбасарының жауабында.
Мәтіндерді аудару үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Шығыстану институтының ғалымдары және басқа да түркітанушы мамандар тартылады.