Тікелей эфир

Тұрғындары Тоқаевқа үндеу жолдаған Торанғалық ауылы таратылмақ

Ауылдың аумағы Балқаш қаласының құрамына кіреді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың Ақтоғай ауданына қарасты Торанғалық ауылдық округін тарату жөніндегі қаулысының жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.

Қаулы жобасына сәйкес, Ақтоғай ауданының Торанғалық ауылдық округі жойылып, оның аумағы Балқаш қаласының әкімшілік бағынысына берілмек. Сәйкесінше, облыстың Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының әкімшілік-аумақтық құрылымы өзгереді.


Оқи отырыңыз: Қуантыров ауылдардың жойылуы туралы: Бұл – қалыпты процесс


Еске салайық, биыл сәуірде Торанғалық ауылының тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, 27 жылдан бері шешілмей келе жатқан ауыз су мәселесін көтерген болатын.

"Құрметті президент мырза, біз сізден мына проблеманы шешіп беру үшін көмек сұрап отырмыз. Біздің ауыл 27 жылдан бері ауыз суды көрмей келеді. Осынша уақыт краннан су ақпай жатыр. Бізге су көлікпен жеткізіледі. Оның литрі – 3 теңге. Бізде енді тағы бір проблема шықты. Қарағанды-Алматы бағытындағы автобанның құрылысы кезінде біздің ауылға бұрылысты істеуді ұмытып кетіпті. Соның кесірінен енді төтенше жағдайлар, жедел жәрдем мен басқа да мекемелердің қызметкерлері біздің ауылға жету үшін 15 шақырым жолды айналып келетін болады. Осы мәселе ауыл халқына қиындық туғызып отыр", – делінген болатын ауыл тұрғындарының үндеуінде.

Торанғалық ауылын тарату жөніндегі қаулы жобасын жария талқылау мерзімі – 12 маусымға дейін.

Серіктестер жаңалықтары