Түркістан облысының 49 мектебінде әлі күнге дейін ішкі әжетхана жоқ. Ал Сарыағаш ауданында дәретханасы бола тұра, оған суы тартылмаған мектептер ондап саналады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың биыл көктемде мектептегі әжетхана мәселесі туралы айтқан сөзін еске салған арна тілшілері тапсырманың толық орындалмағанына көз жеткізген.
"Алдын ала тапсырма беріп айтып жатырмыз. Егер ол дәретхана болса, барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек. Кәріз мәселесі, су мәселесі, оны уақытылы тазалап тұру мәселесі бойынша айтылды", – деген болатын министр.
Оқи отырыңыз: Екі жылда 1600 мектеп дәретханасы салынып, іске қосылды
Алайда мәселе Түркістан облысының бірқатар мектептерінде әлі шешімін таппаған. Мәселен, Сарыағаш ауданындағы Жамбыл Жабаев мектебінде балалар әлі де сыртқа шығуға мәжбүр. Себебі, ішкі әжетхана сол күйі іске қосылмаған. Осы аудандағы Елшібек батыр мектебінде ішкі дәретхана мүлде жоқ. Тіпті салу жоспары да қарастырылмаған. Сол себепті балалар жыл он екі ай сырттағы ескі әжетханаға барады.
"Біздің мектебімізде 900-ге жуық бала оқиды. Қыста амалдап сырттағы әжетханаға шығарып жатырмыз", – дейді Елшібек батыр атындағы мектептің шаруашылық меңгерушісі Бекжан Темірбаев.
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, облыс бойынша мемлекеттік 908 мектептің 81-і ғана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған.
"Ал 827 мектеп жеке септик пайдаланады. 49 мектепте ішкі әжетхана жоқ. 270 мектептің ішкі әжетханасы талапқа сай емес. 809 мектепте сыртқы әжетханалар жойылмаған. Мәселені шешуге 570,4 миллион теңге қаржы қажет", – делінген басқарманың хабарламасында.