Мұндай ұсынысты ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербашпен болған екіжақты ресми кездесуде көтеріп, ұсынысы қолдау тапты.
"Түркі жұртына ортақ дүние көп. Оның ішінде тілі мен ділі, мәдениетіміз ұқсас. Осы орайда Түркі тілдес елдердің мүфтилер Алқасын құрып, алғашқы отырысын Түркі әлемінің астанасы атанған Түркістан қаласында ұйымдастыруды ұсынамын", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы кездесу барысында.
Сондай-ақ Бас мүфти ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі мен Түркия дін істері басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің тәжірибе алмасуын ұйымдастыру мақсатында Түркияда кеңес жиынын бірігіп өткізу жоспарын хабарлады.
Бұл ұсыныстар Түркия дін істері басқармасы тарапынан қолдау тапты. Басқарма төрағасы Әли Ербаш Түркі тілдес елдер дін басшыларының жиынын өткізу, Ғұламалар кеңесі арасында байланыс орнату идеясы қазір өзекті екенін жеткізді.