Тікелей эфир

Тоқаев: Жанар-жағармайдан түскен қаржыны алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет

Президент үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте жанар-жағармайдан түскен қаржы жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсалуы керек екенін айтты.

"Тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет. Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруға тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді


Қасым-Жомарт Тоқаев жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн деді.

"Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек. Сондықтан Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде мемлекетке төленетін салықты арттыру жөнінде қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Жалпы, тариф саясаты бойынша Үкіметке тауарлар мен қызметтерді реттейтін "тұтынудың әлеуметтік нормасын" енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл – халықаралық тәжірибе", – деді Қазақстан президенті.

Серіктестер жаңалықтары