Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қалаға жасалған террористік шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Алматыға арнайы келген.
Президент Үкіметтік комиссияға Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.
"Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентінің бөлімшелерін қайтару жұмыстары жүргізілетінін айтты.
"Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды. Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін", – деді ҚР Президенті.