Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Аталған облыстардың әкімдері Президентке өңірлердегі ахуал жайында, табиғи апатпен күресу және су тасқынының зардаптарын жою үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берді.
Аймақ басшылары жалпы жағдай жіті бақылауда және табиғи апатпен күресу үшін адам күші де, техника да жеткілікті екенін айтып отыр.
"Президенттің тапсырмасымен республикалық штабқа жетекшілік ететін премьер-министр Олжас Бектенов бастаған үкімет мүшелері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберілген болатын. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың керек-жарағын шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр", – деп хабарлады Ақорда.
Еске салсақ, наурыз айының аяғынан бері Қазақстанның бірнеше өңірін су басып жатыр. 7 сәуір күні Атырау облысындағы Құлсары қаласында суға кеткен екі ер адамның денесі табылды.