Мемлекет басшысы премьер-министр Әлихан Смайыловқа үкіметтің жұмысына қатысты сауал қойды.
"Сөзімнің соңында тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Ашығын айтуымыз керек, үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ. Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ары қарай ол министрлік пен ұлттық компания басшыларын нақты шешім қабылдауға келгенде өзіне жауапкершілік алудан басын ала қашатынын сынға алды. Мұнымен қатар, үкімет пен президент әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмағанына тоқталды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді
"Тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Жұртшылық үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін", – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу екенін еске салып, Әлихан Смайыловқа сауал қойды.
"Бұл – үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен премьер-министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер мемлекет басшысының премьер-министрмен және парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек. Алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі. Бұл міндеттер бүкіл ел азаматтарына қатысты. Сондықтан біз парасатты түрде, бірлігімізді сақтап, бәріміз бірге еңбек етуіміз керек", – деді президент.
Мұнымен қатар, ол келесі жылдың бірінші жартысында елімізде парламент сайлауы өтетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Президент жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуі қажеттігін айтты
"Мен ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды. Үкімет те осы реформа үдерісінен тыс қалмауға тиіс. Бұл жұмыс бір уақытта, бір қарқынмен жүргізілуі керек. Сол себепті, мен барша үкімет мүшелері осы мәселе жөнінде ойлануы керек деп санаймын. Халқымыздың игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз табысты болсын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.