Тікелей эфир

Тоқаев: Қазақстан мемлекет ретінде айтарлықтай жаңғырды

Мемлекет басшысы Конституциялық сот судьяларымен кездесті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан қызметін бастаған Конституциялық соттың жаңа әкімшілік ғимаратына барып, тағайындалған судьялармен кездесті, деп хабарлады Ақорда сайты.

Мемлекет басшысы Конституциялық сот ел өмірінде айрықша рөл атқаратын орган екенін атап өтіп, бұған дейін 27 жыл бойы табысты жұмыс істеген Конституциялық кеңес мүшелеріне және онда әр кезеңде еңбек еткен қызметкерлерге алғыс айтты.

"Бүгінде Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, бұрын-соңды болмаған бірегей саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда дүниежүзінде дәл осындай ауқымды, мазмұнды реформалар жасап жатқан ел бірен-саран. Бұл – ақиқат. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Қазақстан реформатор мемлекетке айналды. Жалпы, елімізде көптеген өзгеріс болып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға баса мән беріліп отыр. Бұл жұмысқа қоғам өкілдері белсене қатысуға ынталы. Сондықтан мен Конституциялық сот құру туралы бастама көтердім. Азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда осы және басқа да ұсыныстарға қолдау білдірді", – деді президент.


Оқи отырыңыз: "Демократиялық институт": Конституциялық сотты не үшін қайтару қажет?


Мемлекет басшысы Конституциялық Сот барлық заңдар мен заңға сәйкес актілердің Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс екеніне тоқталды.

"Шын мәнінде, Конституциялық Сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де  Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, Прокуратура, Сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конституциялық сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Конституциялық сот құруды ұсынды


Мемлекет басшысының айтуынша, заң үстемдігі қағидатының мызғымастығы еліміздегі саяси реформалардың өзегі саналады. Жүргізіліп жатқан реформалардың саны жағынан, ең бастысы, мазмұны мен сапасы тұрғысынан Қазақстан әлемде көшбасшы елдердің қатарына кіретіні сөзсіз.

"Шын мәнінде, тек былтыр атқарылған жұмыстар біздің қоғамдағы өзгерістердің ауқымы мен тереңдігі туралы оң әсер қалдырмауы мүмкін емес. Қазақстан мемлекет ретінде айтарлықтай  жаңғырды. Бұл деректі әлемдік қоғамдастық ашық мойындады. Оған көптеген халықаралық байланыс пен ең жоғары деңгейдегі кездесулер дәлел. Конституциялық сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады десек, артық айтқандық емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары