Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс депутаттарына ҚР премьер-министрі лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Парламент мәжілісінің және Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия атынан премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтың кандидатурасын ұсынған болатын. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны мәжілістегі партиялардың фракцияларымен талқылап жатыр.
Конституцияға сәйкес, президент Amanat саяси партиясы ұсынған кандидатты қарайды. Мақұлданған жағдайда мемлекет басшысы премьер-министрдің кандидатурасын парламент мәжілісінің қарауына енгізеді. Мәжіліс келіссе, президент жаңа премьер-министрді тағайындайды. Осыдан кейін Қазақстан Республикасының үкіметін жасақтау процесі басталады.
Олжас Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.
Одан кейін премьер-министр кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы болды. Президент әкімшілігінде де қызмет істеді. 2009-2012 жылдары әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары, 2012-2014 жылдары экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы болды.
2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, президент әкімшілігінің басшысы хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарды. 2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы болды. Бір жылдай Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2018 жылғы 1 маусымынан бастап мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019 жылғы 26 маусымнан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылғы 25 ақпаннан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды. 2023 жылғы 3 сәуірден бері президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келді.
Еске салсақ, 5 ақпанда Қазақстан үкіметі қызметінен кетті. Премьер-министр міндеттерін уақытша атқару Роман Склярға жүктелді.