Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадтағы Абай ескерткішін салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды Ақорда.
Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түрікмен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын айтты.
Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.
"Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай "Талап қыл артық білуге" деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.
"Шын мәнінде, Абай мен Мақтымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Түрікменстанға бүгінгі ресми сапарым – соның айқын дәлелі. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін", – деді президент.