Мемлекет басшысы 1-сыныпта оқитын оқушылардың саны жиырма бестен аспауы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, ол өңір әкімдеріне мектеп салуға жер телімін алдын ала бөлуді тапсырды.
"Өзекті мәселелердің бірі – сыныптағы бала санының шектен тыс көптігі. 1-сыныптағы оқушылар саны жиырма бестен аспауы тиіс. Осы стандартты сақтап, мектептердің үлгілік жобасын дайындауды тапсырамын. Білім ордасының дизайны мен көлемі орын санына қарай анықталуы тиіс. Мысалы, мектеп екі жарым мың балаға арналса, онда инфрақұрылым да соған сай болуы керек. (...). Мұнымен қатар, мектеп салуға бөлінген қаражаттың талан-таражға салынуына жол бермеу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, президент тұрғын үйлермен қатар жанында мектеп пен балабақша бой көтеруі тиіс екенін айтты. Осы орайда, мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына дейін мыңға жуық мектеп салуды тапсырған еді.
"Жауапты мемлекеттік органдар жұмысы осы тапсырманың орындалуына қарай бағаланады. Қазір мектеп салу үшін жер телімін алу қиын болғандықтан, өңір әкімдеріне мектеп салуға қажет жер телімін алдын ала бөлуді тапсырамын", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.
Еске салсақ, iPhone смартфонының +18 суреттерді көрмек болған балалардың ата-анасына хабарлама жіберетіні туралы хабарлаған едік. Messages қосымшасына жалаңаштанған адамның суреті келсе, балаға блюр эффекті қолданылған күйде көрсетіледі.