Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде митингі кезінде ұсталғандарды азаптау фактілерінен хабардар екенін айтты. Осы орайда, арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
"Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, президент әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданатынын ескертті.
"Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады", – деді мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Тұрғымбаевтың президентке құқықтық тәртіпті қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндағанын хабарлаған едік. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінде 2 739 қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр.