Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай өткен салтанатты жиында АЭС құрылысы бойынша өткен референдумға қатысты пікірін айтты.
Президенттің айтуынша, ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды
Конституциялық реформаны іске асыру нәтижесінде биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалып, орнықты саяси жүйе қалыптасты. Бұл саяси жүйенің негізі – ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік. Ең бастысы, халыққа қызмет ету қағидасы қамтылған. Мемлекет басшысы осындай құндылықтар негізінде біздің қоғамдық-саяси өмірімізде іргелі өзгерістер болып жатқанын айтты.
"Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. "Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт" қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі. Жалпы, энергия тапшылығының артуы – еліміз үшін өте өзекті проблеманың бірі. Оны дер кезінде шешпесе, экономикамыздың дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда АЭС салу жөніндегі референдумның қорытындысы белгілі болды