Тікелей эфир

Тоқаев: Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет

Облыста соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір жұртшылығымен кездесті.

"Бұл аймақ Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға орасан зор үлес қосты. Мұнда еліміздегі мұнайдың төрттен бірі өндіріледі. Мұнай-газ саласымен қатар облыста экономиканың өңдеу өнеркәсібін дамытуға мол мүмкіндік бар. Қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Ол, сондай-ақ терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажеттігіне тоқталды.

"Мен бұл туралы Үкімет жиындарында, өңірлерге барған кезде үнемі айтып жүрмін. Барлық әкімдер осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған маңызды міндет", – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, облыста соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап тұр. Бұл жағдай жұмыссыз қалған азаматтар арасында наразылық туғызған.

"Үкімет осы өндірістерді жандандыру үшін тиімді шараларды шұғыл түрде қабылдауға тиіс. Қажет болса, жаңа өнім шығару үшін нарықтың сұранысына сай бейімдеу жолдарын қарастыру керек. Сонымен бірге, бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашқан жөн. 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді президент.

Серіктестер жаңалықтары