Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша ел азаматтарын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда сайты.
Президент Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры екенін атап өтті.
"Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан. Осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілген. Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді. Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз", – деді мемлекет басшысы.
Президент баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды.
"Халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.