Мемлекет басшысы облыстағы ауа райы болжамының қолайсыздығын атап өтіп, су тасқыны жағдайының ушығуына дайын болу қажет екенін айтты.
"Бұл – табиғи құбылыс екенін бәріміз түсінеміз. Қардың еруі және тоңның қалың болуы салдарынан топырақтағы ылғал мөлшері жоғары болды. Содан кейін күн күрт жылынып, жауын-шашын жиіледі. Өкінішке қарай, биыл осы факторлардың барлығы қабаттасып кетті. Бұдан сабақ алуымыз керек. Су тасқыны кезеңіне жыл сайынғы дайындық жұмыстары жаз-күз мезгілдерінде басталып, үш бағытта жүргізілуі қажет. Ең алдымен, бұл – болжам, сараптама жасау сипатындағы шаралар. Гидрометеорологиялық қызмет болжам деректерін мұқият талдап, алдағы су тасқыны кезіндегі жағдайдың өрбу сценарийлерін дайындауға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы су тасқынының кері әсерін алдын ала ескертуге және жоюға бағытталған ұйымдастыру-алдын алу, инженерлік-техникалық, сондай-ақ шұғыл шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Су тасқынынан зиян шеккендерге мемлекет пен үкімет қаржылай көмектеседі
"Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып, гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке, уәкілетті органдарға, облыстардың әкімдеріне қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін шаралар қабылдау, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын бақылау жөнінде бірқатар тапсырма берді.