Тікелей эфир

Төрегелді Шарманов: Бие сүтінің табиғаты ана сүтіне жақын

Бие сүті жүрек-қан тамыры және жүйке жүйелерінің жұмыстарын реттеуге қатысады.

Нутрицолог ғалым, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов Facebook желісінде бие сүтінің ерекшеліктері туралы, оның адам ағзасына пайдасы туралы жазды.

Ғалымның сөзінше, бие сүтінде лактозаның мөлшері 1,5 есе көп болғандықтан, одан жасалған өнімдердің ұнамды тәттілеу дәмі бар. Сондай-ақ, бие сүті – құрамында зиянды трансмай қышқылдары болмайтын, табиғатта кездесетін жалғыз сүт көзі. Салыстыру үшін: сиыр сүтінде 8 пайызға дейін трансмай қышқылдары кездеседі. Ал сұйық майды технологиялық өңдеу барысында аталған зиянды трансмай қышқылдары түзіледі.

Сонымен қатар, бие сүтінің ақуыздары нәзік альбуминді тектес келеді, бұл дегеніміз оның сиыр сүтіне қарағанда (оның ақуыздары – казеинді тектес – ауырлау) жеңіл сіңімділігін көрсетеді.

"Бие сүті табиғатының ана сүтіне жақын болуы оның ғажайып жаратылысын білдіретіндей. Сиыр, ешкі, түйе сүттеріне қарағанда, бие сүтінің жоғары биологиялық құндылығы алдымен, оның ақуызының ерекше сипатына, май қышқылы құрамына, С дәрумені мен лизоцимнің айрықша жоғары деңгейлеріне байланысты, олардың барлығы ағзаның иммундық-антиоксиданттық қорғанысын қамтамасыз етеді. Сондықтан, бие сүті ағза тіршілігінде өзекті рөл атқарады, жүрек-қан тамыры және жүйке жүйелерінің жұмыстарын реттеуге қатысады, қабынуға қарсы әрекет етеді, жұқпалы емес аурулардың дамуына тосқауыл болады", – деп жазды Төрегелді Шарманов.


Оқи отырыңыз: Төрегелді Шарманов: Қазақтың ұлттық тағамында қант болмаған


 

Серіктестер жаңалықтары