ТМД елдерінің ішінде ең қымбат мектеп формасы Қазақстанда сатылады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Елімізде оқушылар киімі жыл сайын кем дегенде 15 пайызға қымбаттайды екен. Биыл да баға көтерілген.
Мәселен, ұл балалардың формасы 65 мың, қыздардыкі 75 мың теңгеге шыққан. Қазірден-ақ, ата-аналар мектепке дайындық қамына қызу кіріскен.
Гүлден Манастың екі баласы мектепте оқиды. Былтыр әрқайсысына 70-80 мыңға мектеп формасын алған ана биыл 100 мың теңгеден көп кетті дейді.
Мектеп формасының дені шетелден келеді. Саудагерлер негізінен Түркия, Қытай, Қырғызстаннан әкеледі. Сапасына, өндірушісіне қарай құны әртүрлі. Бірақ былтырғы баға жоқ. Сатушылардың айтуынша, мектеп формасы шамамен 15-20 пайызға көтерілген.
Ал сатушы Камила Құдайбергенова бағаның көтерілуі саудагерлерге байланысты емес дейді.
Өндірушілер жылда мата қымбаттады деп киім құнын кем дегенде 15 пайызға көтеретінін айтады. Оған жол шығынын қосады. Тіпті, кейінгі жылдары Түркияның киімдерін көпшіліктің қалтасы көтермейтінін байқап, Қырғызстаннан ғана әкеліп отыр екен.
"Әлем-24" порталының ақпараты бойынша, ТМД елдері ішінде ең арзан мектеп формасы Әзірбайжанда сатылады.
Ата-аналар ұлына да, қызына да киімді небәрі 40 манатқа сатып алады, яғни 11 200 теңге шығады. Тәжікстанда баға бұдан сәл жоғары, форма құны - 15 700 теңге. Ал Арменияда оқушы киімі – 22 000, Қырғызстанда 33 мың теңге екен.