Тікелей эфир

"Тізімде Алматыдағы балалар бар". Қызылорда облысында балабақша қызметкерлері құрылтайшының үстінен шағымданды

Тәрбиешілердің айтуынша, балабақша иесі карталарын құпия сөзімен бірге алып қойған.

Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы "Қарлығаш" балабақшасының қызметкерлері бір жыл бойы еңбек құқығының тапталып келе жатқанын айтып жиналды, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жиналғандардың айтуынша, жекеменшік бөбекжайдың құрылтайшысы мен меңгерушісі тәрбиешілерді қорқытып, олардың банк картасын алып қойған. Мұнымен қатар тәрбиешілер ай сайын есепшотқа 300 мың теңге жалақы аударып, қалған бөлігін өз пайдасына жарататынын айтады. Яғни тәрбиешілердің қолына осы соманың тек жүз мың теңгесі ғана түседі. 

Басында жұмысқа орналасқан кезде құрылтайшы оларға келісімшарт бермеген. Содан соң әрқайсымыздың банк картамызды алып қойып, айлық пен еңбек демалысының ақысынан қомақты қаражатты бір жыл бойы қалтасына басып келді, дейді. Ал қызметкерлер "отбасымызды асырап отырған жұмысымыздан айырылып қаламыз ба" деген қорқынышпен осы кезге дейін ешқандай органға шағым түсірмеген.

"Картамды қыркүйекте қайтаратынын айтып құпия сөзімен бірге алды. Маған 300 мың теңге шешіп алғаны туралы хабарлама келді. Кезекті демалысыма 700 мың теңге түскен екен", – деді тәрбиеші Гүлжаухар Құрманаева.  

Қолында келісімшарт болмаған соң тәрбиешілер нақты қанша жалақы алатынын білмейді. Басшыларының ауызша 100 мың теңге бергеніне көнген. Есепшотқа ай сайын қомақты қаражат түсетіндіктен, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыдан да қағылып келе жатқанына наразы. 

"Айлық 300 мың теңгенің үстінде. Қолымызға соның жүз мың теңгесін ғана береді. Осы күнге дейін картам басшымызда", – деді Гаухар Асылбек. 

Бірнеше күн бұрын жұмыстан шыққан Баян Сүйіндікова құрылтайшының мұнда тәрбиеленбейтін балаларды тізімге қосып, мемлекеттен қыруар қаржы алатынын айтты. 

"Бір топта – 18, екінші топта 22 бала бар. Бірақ біз 50 бала деп белгілеп отырмыз. Қызылорда мен Алматыда жүрген балалар да бізде тіркеліп тұр", – деді Баян Сүйіндікова. 

Ал тәрбие ошағының құрылтайшысы мен меңгерушісі қызметкерлерінің шағымы негізсіз екенін айтты. 

"Мен ешкімнің төлем картасын алмадым. Айлықтың бала санына қарай төленетіні рас. Қазір портал болғандықтан, бұрынғыдай өтірік белгілей алмаймыз. Жоғары жаққа өтірік ақпарат бере алмаймыз", – деді "Қарлығаш" балабақшасының меңгерушісі Эльвира Збайрова. 

Білім бөліміндегілер тәрбиешілердің еңбек құқығының шектеліп келгенінен бұған дейін хабарсыз болдық дейді. Ал балабақшадағы бала санына байланысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Шағым білдірген қызметкерлер мәселелерінің ақ-қарасын енді құзырлы органдар анықтап берсе деп үміттеніп отыр. 

Серіктестер жаңалықтары