Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығынан кетті, деп хабарлады ҰКП баспасөз қызметі.
"Съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды. Қатардағы сарапшылардан бастап аудандық филиалдардың басшыларына дейін – "Атамекен" ұжымына бірлескен нәтижелі жұмыс үшін айрықша ризашылығымды білдіремін", – деді Тимур Құлыбаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: "Кабинетін жылдар бойы босатпайтын" шенеуніктермен оңай қоштасу керек
Ол жұмыстың басты қорытындысы – бизнес пен биліктің жолға қойылған сындарлы диалогы, қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру болғанын атап өтті.
"Біздің басымдығымыз әрқашан бизнес құқығын қорғау болды. Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен жұмыс жолға қойылған. Барлық өңірде кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. 8 жыл ішінде ҰКП-ға 41 мың өтініш келіп түсті, олардың 40 пайызы шешімін тапты", – деді Тимур Құлыбаев.