Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер бар!
Әлеуметтік желіде Бақытжан Сағынтаевтың көлігіне террористердің шабуыл жасаған сәтінің видеосы жарияланды. Видеоның шабуыл кезінде түсірілгенін оқиға орнында болған адам растады.
Атысты көліктің артқы орындығында отырған куәгерлер телефонына түсіріп алған. 6 қаңтар күні Бақытжан Сағынтаев жедел штабтан әкімдікке қарай бет алғанда оған шабуыл жасалған болатын.
"Қосымша күш пен арнайы жасақ келіп әкімдік пен алаңды тазартқан кезде әріптестерімізбен бірге әкімдік пен алаңға қарай бет алдық. Онда жан-жақтан оқ атып жатты. Соңымыздан қуып, оқ атты. Бізді күтіп тұрды. Олар біздің маршрутымызды білген", – деген еді Сағынтаев бұған дейін.
Қала басшысының жүргізушісі жарақат алды. Атыс кезінде әкімнің соңынан келе жатқан көлікте отырған "Алматы" телеарнасының жүргізушісі көз жұмды. Сондай-ақ, спорт басқармасының жетекшісі Рустам Байсейітов пен дін істері басқармасының жетекшісі Нұрлан Кикімов жарақаттанды. Оларға ота жасалды.
Алматы қаласындағы тәртіпсіздік кезінде қылмыстық топ әкімдікті өртеп, басқа да әкімшілік ғимараттар мен инфрақұрылым объектілеріне зақым келтірген болатын.
Еске салсақ, жаппай тәртіпсіздік кезінде тұтқындалғандардың мыңнан астамының әлі қамауда отырғаны туралы хабарлаған едік. 1 653 іс бойынша сот айыппұл салды.