
"Дэвис Кубогының" бірінші әлемдік тобының плей-офф ойыны аясындағы Қазақстан мен Пәкістан құрамаларының кездесуіне байланысты баспасөз маслихаты өтті. Оған құрамалардың капитаны мен ойыншылары қатысты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі.
"Пәкістан құрамасы мықты команда, дегенмен біз жеңіске жету үшін барымызды саламыз. Құрама сапына жас ойыншыларды тарттық, олардың бәрінің де ойынға деген құлшынысы жоғары. Жұптық ойындарға кімдер қатысатынына келсек, бұл ретте біз түрлі нұсқаларды қолданып көреміз. Нақты кім ойнайтыны алдағы 1-2 күнде белгілі болады", – деді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.
Пәкістан құрамасының капитаны Мухаммад Хасееб Аслам қазақстандық команда қағаз жүзінде де, іс жүзінде де фаворит екенін атап өтті.

"Біз Астанаға бейімделу үшін арнайы ерте келдік. Қазақстандық команданың барлық ойыншысы өте тәжірибелі,олар ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ойнап келеді. Біздің құрамада қазір жаңару жүріп жатыр, сондықтан жастарға сенім артып отымыз. Олар үмітті ақтайды деп сенемін. Бұл – ойын және ойында бәрі болуы мүмкін. Сондықтан біз ойында ұпай алып, келесі кезеңге шығу үшін кортта барынша тер төгеміз", – деді ол.
Қазақстан мен Пәкістан құрамалары арасындағы ойындар Астанада 1-2 ақпанда өтеді.
Ойындарды Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.
Beeline Janymda. Матчтарды көріп, алған әсеріңізді кез келген жерде бөлісіңіз!