Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі танымал қазақстандық тележурналист Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығына өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарлады.
"Жігер" сыйлығына өтінімдерді қабылдау 20 тамыздан 20 қыркүйекке дейін "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қорының ресми сайтында жүзеге асырылады.
"Жігер" – журналистік шеберлік саласында әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жариялағаны үшін берілетін кәсіби сыйлық. Негізгі мақсаты – талантты журналист, қоғам қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Бейсен Құранбектің есімін ел жадында өшірмеу, мұрасын сақтап қалу.
Шарттары:
- байқауға республикалық және облыстық телебағдарламалар қатыса алады;
- байқау материалдары телеэфирде 2021 жылдың 1 қаңтары мен 19 қыркүйегі аралығында көрсетілуі тиіс;
- қазақ және орыс тілдеріндегі жұмыстар қабылданады;
- қоғам үшін өзекті мәселелер және әлеуметтік тақырыптар қозғалуы тиіс.
Марапат Бейсен Құранбектің журналистік қызметтегі принциптерін барынша толық көрсете білген жұмыстарға беріледі. Құрамына медиасала мамандары және Бейсен Құранбектің үзеңгілес достары енетін қазылар алқасының мүшелері дауыс беру қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтайды.
Байқау жеңімпаздары "Жігер" естелік мүсіншесінің, дипломның және қаржылай сыйлықтың иегері атанады. I орын үшін – 1 000 000 теңге, II орын үшін – 500 000 теңге және III орын үшін – 300 000 теңге. Байқау қорытындысы мен жеңімпаздар есімдері 2021 жылдың 27 қыркүйегінде белгілі болады.