"Денсаулық" Ұлттық қауымдастығы мен AlmaU Алматыдағы 18 ЖОО студенттерінің қалай тамақтанатыны жөнінде жүргізілген зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Респонденттердің 38 пайызы үнемі тамақтануға тырысатындықтарын, бірақ кейде толыққанды тамақтануға уақыт таппай, жұмыстарын жасап жүріп, тамақтанатынын айтты. Ал 20 пайызы – не үнемі бір уақытта тамақтанады, не керісінше, үнемі жолда тамақтанады және тұрақты тамақ ішпейді. 22 пайызы – уақыт пен ақшаның болуына байланысты әр түрлі тамақтанады.
Зерттеу көрсеткендей, студенттердің 32 пайызы дұрыс тамақтануды таңдайды. 39%-ы толық немесе толық емес түскі ас (салат, бірінші және екінші тағам немесе салат және екінші тағам) ішеді. Сонымен қатар, студенттердің 34 пайызы көбінесе фаст-фудты таңдайды, оның ішінде 19 пайызы тек фаст-фуд жейді. Сондай-ақ, 29 пайызы тәтті тіскебасарлар жегенді жөн көреді.
"Осы зерттеу деректері 2019 жылғы зерттеу деректерінен ерекшеленеді. Фаст-фуд тұтыну – 8-ден 19 пайызға, тәтті тіскебасарлар тұтыну – 23-тен 29 пайызға, тәтті газдалған сусындар мен энергетиктер тұтыну 5-тен 10 пайызға дейін өскен", – деп атап өтті дәрігер және "Денсаулық ұлттық қауымдастығы" ЗТБ төраға орынбасары Гинтаутас-Юозас Кентра.
Оқи отырыңыз: "Диета сайын семіре бердім". Тамақтан бас тарта алмайтындардың анонимді тобы қалай жұмыс істейді?
Студенттер тамақ сатып алғанда келесі критерийлерге мән береді:
- 28% – тамақтың дәмі, яғни олар сатып алу кезінде ең қатты қалап тұрған нәрсесін сатып алады;
- 24% – тағамның бағасы;
- 23% – қаптамадағы жарамдылық мерзімі;
- 15% – құрамы.
Сауалнама қатысушыларының шамамен 40 пайызы тамақтан улану, асқазан-ішек аурулары, тамақ аллергиясы секілді денсаулығында проблема бар екенін атап өтті. Студенттердің 35 пайызы дұрыс тамақтанатындарын, ал 41 пайызы дұрыс тамақтанбайтындарын айтады. 2019 жылғы зерттеумен салыстырғанда, дұрыс тамақтанатын студенттердің үлесі 47-lден 35 пайызға дейін төмендеген.
Сауалнамаға 18-21 жас аралығындағы және одан жоғары жастағы 1300 респондент қатысты. Оның ішінде 624-і – ер адам, 676-сі – әйел адам.
Оқи отырыңыз: Кешкі алтыдан соң тамақ ішпеу дұрыс па? Төрегелді Шармановтың кеңесі
Зерттеуге AlmaU университетінде 1-курста оқитын 52 студент "Қоғамға қызмет ету" пәні бойынша нысаналы топқа сауалнама жүргізген волонтер-сұхбат алушылар ретінде тартылды. Әлеуметтік сауалнама 2023 жылдың 10 ақпанынан 10 наурызына дейін өткізілді.